Фидий, Хармид ұлыгректің б. э, бұрынғы V ғ. данышпан мүсіншісі. Оның творчествосына афинылық құл иеленушілік демократияның шарықтап гүлденген шағындағы эстетикалық мұраттары аса айқын көрінісін тапты. Фидий б. э. бұрынғы 500 ж. шамасында Афиныда туды; оның ұстаздары арасында мүсінші Агелад пен кескінде- меші Полигнот есімдері аталады. Мүсіншінің балалық және жастық шағы грек-парсы соғысы тұсында өткендіктен ол бүкіл өмірін дерлік парсыларды жеңген грек халқын мадақтайтын ескерткіштер жасауға арнады. Ежелгі жазушылар мәліметтері бойынша, Фидий алғашқы туындыларын — Пеллена қаласына (Пелопоннес) арнап алтын мен піл сүйегінен сомдалған Афина мүсіні мен тәңірияның Платеядағы алтынмен апталған ағаштан, мәрмәрден жасалған алып тұлғасын б. э. бұрынғы V ғ. 70-інші жылдарында жүзеге асырғаны белгілі. Ол сол тұста Дельфыда афинылықтар тапсырмасымен Марафон шайқасының құрметіне көп пішінді мәрмәр мүсіндер тобын жасап, құдайлар мен қаһармандар арасында қолбасшы Мильтиадты бейнеледі. Б. э. бұрынғы 460 ж. шамасында Фидий Аполлонның қола мүсінін құйып, ал 460—450 жж. даңққа бөленген Жеңімпаз Афинаның Афины акрополіне арналған Мүсінін жасады, Көп ұзамай туған елінен шалғай Лемнос аралында тұратын афинылықтардың сауалы бойынша, шебер тәңірияның акропольге қойылған екінші мүсінін сомдады. Периклдың тапсыруы бойынша, ұлы мүсінші Акропольдегі храмдар мен мүсіндер ансамблін жасауға басшылық етіп, 447—439 жж. Парфенонға арнап Афина Парфеностың мүсінін алтын мен піл сүйегінен қаз тұрғызды. Фидий сол техникамен Олимпия храмы үшін Зевстің он үш метрлік тұлғасын сомдады, мұны гректер ғаламның жеті ғажайыптарының бірі деп есептеді. Б. э. IV ғ. бұл мүсіндердің екеуі де Константинопольге әкелініп, сонда опат болды. Периклдың дұшпандары оның досы Фидийді Парфенондағы Афина мүсінінің қалқанына өзі мен Перикл бейнесін салып күпіршілік жасады, тәңірге тіл тигізді, әрі киелі алтынды ұрлады деп айыптады. Мүсінші түрмеге қамалып, б. бұрынғы 431 жылы ақталып үлгерместен қайтыс болды. Римдік мәрмәр көшірмелері арқылы тек «Аполлон» (Кассель), «Амазонка» (Ватикан), «Афина Лемния» (кеудесі Дрезденде, басы Балоньеде), «Афина — Парфенос» (Афины, Ұлттық музей) қалқан бедерімен (Странгфорд қалқаны, Британия музейі) сақталған.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Өнердің ықшам тарихы—Антик өнері — Алматы, «Өнер» баспасы, 1988.—360 бет ISBN 5-89840-030-3