Субеде (лат. Menyanthes) – субеделер тұқымдасына жататын көп жылдық шөп тектес, монотипті батпақ өсімдігі.

Субеде

Ғылыми топтастыруы
Дүниесі:Өсімдіктер
Бөлімі:Гүлді өсімдіктер
Табы:Қос жарнақтылар
(unranked)Asterids
Сабы:Asterales
Тұқымдасы:Menyanthaceae
Тегі:Menyanthes
Карл Линней
Түрі:M. trifoliata
Екі-есімді атауы
Menyanthes trifoliata
Карл Линней

Сипаты өңдеу

  • Биіктігі -15 – 35 см.
  • Тамыры ұзын және жуан, ішінде ауа жүретін қуыстары бар. Тамырының сәл ғана көтерілген ұшына ұзын сағақты бірнеше ірі жапырақ өсіп шығады.
  • Сабағы жапырақсыз, биіктігі 30 см-ге дейін жетеді. Оның ұшар басындағы гүлдері масақ тәрізденіп шоғырланып тұрады.
  • Тамырдан өсіп шыққан жапырақтары теріс қаратып қойған жұмыртқа тәрізді, шеттері бүтін, үш-үштен қосақталған.
  • Гүл тостағаншасы бес қалақшадан тұрады. Гүлі ақ, ақшыл-қызыл. Мамыршілде айларында гүлдейді.
  • Шілде – тамызда жеміс салады. Шар тәрізді жемісінің ішінде көптеген тұқымдары болады.

Қазақстанда Тобыл-Есіл атырабында, Мұғалжарда, Зайсан, Алтай, Жетісу (Жоңғар) Алатауының мүкті және ылғалды-батпақты жерлерінде өсетін 1 түрі – үшжапырақты субеде (М. trіfolіata) бар.

  • Гүлдері – қызғылт реңді ақ түсті, олар тамырдан тікелей өсіп шығатын сабақшада шоғырланып, масақ құрайды. Маусым айының басында гүлдеп, көздің жауын алады.[1]

Емдік қасиеті өңдеу

Субеде жапырағының құрамында глюкозид-мениатин; сабағында – май, холин, шайыр, йодты заттар; тамырында – метионинглюкозиді, илік заттар болады. Халық медицинасында субедені туберкулезді, қызбаны, құрқұлақ, ішек ауруларын, безгекті емдеуге пайдаланады. Медицинада оны асқазан қышқылы азайғанда тәбет көтеретін және өт айдайтын дәрі ретінде қолданады.[2]

Қолданылуы. өңдеу

Мал дәрігерлігі практикасында туберркулезге шалдыққан жас малды емдеуге, сондай – ақ азыққа деген тәбетін арттыруға, асқазан – ішек жұмысы мен тыныс алу органдарының қызметін жақсартуға қолданылады.

Сонымен қатар субеденің дәрілік шикізаты мал ішегіндегі түрлі гельминтті құрттарды түсіру үшін, сондай – ақ өт жүргізу үшін де қолданылады. Субеденің кептірілген жапырағы ірі қараға – 25 – 50 грамнан, жылқыға – 10 – 25 грамм, тауыққа – 0,2 – 1 грамнан беріледі. Дәрілік тұнба 1:10 қатынаста жасалып, малға күніне 2 -3 рет ішкізіледі.Ірі қараның өкпе туберкулезін емдеу үшінсубеде жапырағының, қызыл таспа шөбінің, сирень жапырағының, қара андыз тамырының әр қайсысы 30 грамнан алынып, араластырылады да, қайнап тұрған 1,5 литр суға салынып, 15 – 20 минут тұндырылады. Дайын тұнба тірілей салмағы 80 -100 кг бұзауға – 150 – 200 миллилитрден күніне 3 – 4 рет ішкізіледі.

Емдеу мерзімі – 7 – 10 тәулік. Одан кейін 10 күн үзіліс жасап, қайтадан емдейді.

Мал дәрігерлігі практикасында субеденің тұнбасымен мал денесіндегі жараларды жуып, тез жазылуына әсер етеді.

Шілде – тамыз айларында 3 – 4 айлық қозылардың мониезиоз ауруын ( гельминтті ) субеденің жапырағымен емдеуге болады.

Галерея өңдеу

Тағы қараңыз өңдеу

Дереккөздер өңдеу

  1. Қазақстанның дәрілік өсімдіктері. Іскендіров Әбіш. Алматы "Қазақстан" 1982, 188 бет.
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том

Шәріпбаев Н. Малдың тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеу үшін қолданылатын дәрілік өсімдіктер // Субеде — "Қайнар", 1988. — Б. 151-153. — (Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану). — 5700 таралым. — ISBN 5 - 629 -00074 - 5.