Омартабал арасын өсіретін шаруашылықтардың өндірістік бірлігі. Омартада ара ұясы, омарташының үйі, әр түрлі құрылыстар (ара қыстайтын, құралдар қоятын, бал сақтайтын кәріз, т.б.) көшіп-қонуға арналған жиналмалы үйшіктер, Омарталық шеберхана, т.б. болады. Омарта Қазақстанның шығыс және оңтүстік облыстарында көбірек орналасқан.[1]

Омарта
Оңтүстік Каролинадағы омарта

Сипаттамасы

өңдеу

Омарта негізінен балды өсімдіктер көп өсетін алқапқа жақын құрғақ, жел көп тимейтін, ағаш, бұтасы қалың жерлерге орналасады; тұрақты және көшпелі болып бөлінеді. Тұрақты Омартаны табиғи балды өсімдіктер көп өсетін арнайы, жол қатынасы қиын жерлерге (тау, тайга, т.б.) орналастырады. Көшпелі Омарталар қосымша бал жинау үшін өсімдіктің гүлдеу кезеңіне байланысты және ауыл шаруашылығы өнімдерін тозаңдандыру үшін бір жерден екінші жерге көшіріліп отырады. Ара шаруашылығының мамандандырылуына байланысты Омарта шаруашылығының әр түрлі өндірістік бағыттары анықталды. Бал жинау бағытындағы Омарта тауарлы бал өндіруге мамандандырылған. Ондай Омарталар бал шырынды өсімдіктері мол жерлерде орналастырылады, онда 1 ара ұясынан 100 кг-ға дейін бал алуға болады. Өсімдік тозаңдандыруға арналған Омарта бақ, көкөніс тұқымын өсіретін жылыжайларда, жеміс-жидек шаруашылықтарында ашық және қорғалған алаңдардағы дақылдарды тозаңдандыру үшін ұйымдастырылады. Ара тұқымын өсіретін Омарта басқа Омарталар үшін негізгі ара үйірін құрып, араларды көбейтумен, аналық ара өсірумен шұғылданады. Тәжірибелік Омарталарда ғылыми-зерттеу, ара өсіру шаруашылығы жетістіктерін іске асыру, жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Омартаның көлемі табиғи және екпе балды өсімдіктер қорына, шаруашылық қажеттілігіне, өндірістік бағытына байланысты.

Аралар

өңдеу

Ара еркін ұшып, бал жинауы үшін 2 км-дей жер керек. Омартада ара ұялары бір-бірінен 6 м, қатар аралығы 4 м қашықтықта, жерден 20 – 25 см биіктікте, ішіне жаңбыр суы құйылмайтындай етіп, сәл еңкейтіліп орналастырылады. Омартаның санына, көлеміне қарай бригадалар, бөлімдер құрылады.

Сілтемелер

өңдеу

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ энциклопедиясы, 7 том