Марафон шайқасы

Марафон шайқасыгрек-парсы соғыстарындағы (б.з.б. 500–449) басты шайқастардың бірі. Б.з.б. 492 жылғы көктемде Ахемен әулетінің өкілі I Дарий патша Мардония қолбасшы бастаған әскерді Грекияны жаулап алуға аттандырды. Афон мүйісіндегі қатты дауыл кезінде парсылар 300-дей кемесінен айырылып, кері қайтуға мәжбүр болды. Парсылар бұл жолы Фракияны басып алумен шектелді. 490 жылы көктемде қолбасшылар Датис пен Артаферннің басшылығымен парсы әскерлері теңіз жолымен Грекияға жаңа жорыққа аттанды. Парсылар Эгей теңізіндегі Родос, Наксос және Делос аралдары арқылы Эвбея аралына жетті. Аралды басып алған парсы әскері Афиныдан солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан Марафон жазығына келіп түсті. Марафон шайқасы 13 қыркүйек күні басталды. Мильтиад бастаған Афины және Платеялық грек әскерінің (11 мың адам) негізгі бөлігі жазыққа енер тұста әскери сапқа (фалангаға) тұрғызылды. Таудың орманды сілемдері мен арнайы тосқауылдармен қоршалған шептің қос қанатына парсы атты әскеріне тойтарыс бере алатын үздік, жақсы қаруланған жауынгерлер орналасты. Гректер кемелерден түскен парсы әскерлеріне (20 мыңдай адам) қарсы шабуыл жасады. Бірақ парсылардың жаяу садақшылары шабуылға тойтарыс беріп, гректер шебін осал тұсынан бұзып өтті. Бұл кезде гректердің таңдаулы жасақтары қос қанаттан парсының атты және жаяу әскеріне күйрете соққы беріп, орталықта шабуылдаған жауды ығыстыра бастады. Парсылар теңізге қарай шегініп, қашуға мәжбүр болды. Сөйтіп, гректер аздаған шығынға ұшырай отырып, күші басым жауды жеңіп шықты. Жеңісті хабарлау үшін Афинаға сүйінші сұрауға жіберілген жауынгер қалаға тоқтамай жүгіріп жетіп, қуанышты жеткізісімен өліп кеткен. Жауынгердің құрметіне, 1896 жылдан бастап Марафондық жарыс олимпиада бағдарламасына енгізілді.[1]

Марафон шайқасының схемасы

Дереккөздер

өңдеу
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том